logo

«Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Айыртау ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Қосымша білім беру орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны

«Домбыра Дастан» дәстүрлі күй тартысы

22 сәуір күні Абай атындағы мамандандырылыған қазақ -мектеп гимназиясында Білім беру саласының үздігі, тәлімгер ұстаз Серікбай Здуалиевті еске алуға арналған ІІІ Республикалық «Домбыра-Дастан» дәстүрлі күй тартыс байқауы өтті. Өнер додасына Қызылорда, Қарағанды қалаларынан және өңір аудандарынан барлығы 22 жас өнерпаз қатысты. Жас музыканттардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру және репертуар мен орындаушылық шеберліктің көркемдік деңгейін арттыру үшін мүмкіндік беру. Балалардың қазақ өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, жаңа ізденістерді, қайталанбас идеяларды ынталандыру және олардың рухани дамуы мен көркемдік өсуін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға ауданымыздан Саумалкөл №2 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Аяжан Тәттібаева қатысты.

Құрманғазының «Балқаймақ», Қазанғаптың «Құс қайтару», халық күйі «Жайма қоңыр», Дәулеткерейдің «Жеңгем сүйер», Сейтектің «Сексен ер», Әубәкіровтың «Өрлеу» мен М.Тналинның «Наурыз» сияқты жеті күйін бірінен-бірі ілесе отырып, тартысып ойнап, жеті күйден де сүрінбей 12-14 жас аралығындағы 16 қатысушының арасынан озық шығып, 1 орынды жеңіп алды.

Аяжан Айыртау ауданы қосымша білім беру орталығының домбыра сыныбының 5 сынып оқушысы. Оқытушысы Марат Оразғалиұлы Кенжеборлатов. Сабақ аптасына екі рет өтеді. Аяжанның ағасы Астанбек те домбыра сыныбын бітірген.

Жалпы, әр ел, әр ұлт өз дәстүрімен ерекшеленеді. Ата дәстүрін ұмыт қалдырмай берік ұстана білген халық көш басында жүретіні анық. Бір ғана қасиетті қара домбырамызды қастерлеп, күй өнерін дамыту арқылы ұлттық болмыс-бітімімізді, салт-санамызды өскелең ұрпаққа насихаттай аламыз. Домбыра халқымыздың ұлттық кәсіби өнерінің қалыптасуына, өркендеуіне негіз болды. Байжігіт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Тоқа секілді даңқты күйшілердің төкпе, шертпе күй дәстүрлерін биікке көтеріп, қалдырған тамаша туындылары біз үшін баға жетпес құндылық.

22.04.2023
Қаралым саны: 57