logo

«Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Айыртау ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Қосымша білім беру орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны

Жаз жайнатып, күн күлдіріп

 

 

Жаз – балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың жеке басына тән байланыс­тарын жетілдіру, өз жоспарларын іс жүзіне асыру, жеке бас мүдделерін қанағаттандыру, ойын-сауық, бойында жиналып қалған шиеленістен арылу, жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайту кезеңі. Жаз – балаларға өзінің сантүрлі талантын ұштауға мүмкіндік береді. Бұл кезеңді жеке басының жақсы жақтарын ашып көрсетуге жағдай жасауға, балалар арасында рухани және эмоциялық құндылықтардың алмасуына, мүдделерін жүзеге асыру үшін пайдалану керек.

Жазғы демалыс - бұл тек қана әлеуметтік қорғау ғана емес, бұл балалардың шығармашылықтарын дамыту үшін мүмкіндік жасау, балалардың рухани өмірлерін жақсарту, олардың шығармашылықтарын дамыту.

Биыл оқушылардың үш ай бойғы демалысын тиімді өткізу мақсатында Айыртау ауданының қосымша білім беру орталығында да жазғы мектеп жұмысының жоспары құрылып, оқушылар кезең-кезеңмен шығармашылықпен айналысуда.

Маусымның 5-16 аралығында орталықта 1 кезеңде «Жаз мезгілінде музыкамен!», «Би ырғағында», «Көңілді музыканттар» және «Қызықты шахмат» үйірмелері балалармен өз жұмыстарын бастады. Мұнда орталық ұстаздары Руфия Савченко, Фаниль Шаймарданов «Жаз мезгілінде музыкамен!», үйірмесінде оқушылармен музыка әлеміне саяхат жасаса, орталық хореографы Мерей Уәлихан «Би ырғағында» үйірмесінде балаларды бишілік өнеріне баулыды, ал үрмелі аспаптар оркестрінің ұстазы Павел Черников «Көңілді музыканттар» үйірмесінде оқушыларға музыканың қыр-сырын меңгертсе, Қызыләскер орта мектебі жанындағы шахмат үйірмесінің мұғалімі Болат Ноғаев «Қызықты шахмат» үйірмесінде балалармен шахмат ойнаудың тәсілдерімен таныстырды.

Жазғы мектептің 2 кезеңінде орталық психологы Қалампыр Төлеуова «Арт-терапия» үйірмесінде балалармен психологиялық тренингтер мен түрлі дамытушылық жұмыстар өткізсе, қыш өнерінің ұстазы Мейірбек Тоқанов «Макет жасау» үйірмесінде балаларға макет жасау үлгілерін үйретті.

Сонымен қатар орталығымыздың робототехника үйірмесінің мұғалімі Мереке Бекеев 3 кезеңде «Робототехника және ІТ-дың жазғы академиясы» үйірмесінде балаларды робототехниканың қыр-сырын меңгерсе, бірлестік және Қарақамыс мектептері жанындағы шахмат үйірмелерінің ұстаздары Мейрам Шокимов пен Асқар Уәливтер «Қызықты шахмат» және «Шахмат әлеміне саяхат» үйірмелерінде балалардың шахмат ойнау қабілеттерін тереңдете түсті.

Ал жазғы мектептің 4 кезеңінде «Шеберлер» үйірмесінің мұғалімі Бану Оразалина оқушылармен тігін машинасында түрлі заттарды тігіп үйретсе, бірлестік ОМ-і жанындағы «Жас домбырашылар» үйірмесінде Гүлнар Камалиева жас жеткіншектерді ұлттық аспабымыз – домбыраға үйретуде.

Ал жоспар негізінде 5 кезеңде домбыра сыныбының мұғалімі Гүлбарам Әлібекова «Алтын домбыра» үйірмесінде балаларға домбыра тартудың техникаларын меңгертсе, орталық басшысының міндетін атқарушы Бибігүл Мейрамова «Мектепке дайындаламыз» үйірмесінде мектеп табалдырығын алғаш аттайтын балаларды мектепке дайындаумен жұмыс жүргізуде.

Соңғы 6 кезеңде изостудия бөлімінің мұғалімі Светлана Чернецкая «Акварель» үйрмесінде жас суретшілерді сурет пен живопись өнеріне баулитын болса, вокал сыныбының мұғалімі Гүлайым Жұматаева «Мен ән салғанды жақсы көремін!» үйірмесінде болашақ жас әншілерді ән салу өнеріне машықтандыратын болады.

Қуанса, балалар қуансын. Олардың жүзінен қуаныштан бал-бұл жанған шаттықтың лебін көру әрине, бәріміз үшін бақыт. Балалар – біздің бақытымыз бен болашағымыз. Бала кез-келген ата-ананың бауыр еті мен көз қуанышы. Әрбір бала әрбір отбасының ұрпағын жалғастырушы.
Бала – біздің ертеңіміз, еліміздің жарқын болашағын да жасайтын әрбір отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ. Сондықтан баланың толыққанды отбасында өсіп, жақсы тәрбие алып, болашаққа оң қадам басуына әрбір ата-ана, қала берді тәрбиешілер мен мектептегі ұстаздар қауымы жауапты екені анық.
Ұлын – нарға, қызын – арға балаған қазақ халқы жалпы бала тәрбиесіне, оның болашағына ежелден-ақ жете көңіл бөледі. Сол себептен де шығар, біздің елімізден небір ғұлама ғалымдар, Қазақ елінің жарқын болашағын жасауға атсалысып келе жатқан азаматтарымыз өте көптеп шығып жатқанын айтуға болады. Бұл ең алдымен халқымыздың сан ғасырлардан бергі қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиесінің жемісі. Қазіргідей жаһандану ғасырында да ұрпақ тәрбиесі мен оның қауіпсіздігі ең бірінші орында тұруы қажет.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,
Айыртау ауданының қосымша білім беру орталығының әлеуметтік ұстазы

27.07.2023
Қаралым саны: 60