Біздің қазақ қашан да тауып айтатын дана халық қой. Тақырыпқа тұздық болып тұрған мақалдың мәнін түсіну үшін ауданымыздың жас, бүлдіршін шеберлерін тәрбиелеп, қанаттарын қатайтып, білім ұясынан ұшырып отырған «Қосымша білім беру орталығы» жұмысы туралы төменде айтамыз.
19 қаңтар күні Айыртау ауданының білім бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес Айыртау ауданының қосымша білім беру орталығында аудан мектептерінің технология және бейнелеу өнері пәндері мұғалімдерінің қатысуымен «Оқушылардың коммуникативті, шығармашылық, эстетикалық дамуы үшінкөркем көрмелердің маңызы» атты тақырыпта аудандық семинар-практикум болып өтті.
Алғаш болып сөз алған аудандық білім бөлімінің әдіскері Әдемі Сахаева қашан да жаңалыққа жаны құштар, жаңашылдықтың озығын шәкіртінің бойына дарытып, шеберлігі мен ептілігін дамытуға бар күш-жігерін жұмсайтын ұстаздар қауымының тәжірибе алмасып, ой бөлісуі мұғалімдік қызметі шығармашылықпен тікелей байланысты ұстаздар үшін ең керемет тәжірибе, таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті.
Семинарға аудан мектептерінен 25 мұғалім қатысып, керемет тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Қосымша білім беру орталығы сыныптарын аралап көрген ұстаздар орталықтың изостудия сыныбының мұғалімі Светлана Чернецкаяның «Жақын түсті кескіндеме» тақырыбындағы ашық сабағына, қыш өнерінің ұстазы Мейірбек Тоқановтың «Қыштан ыдыстарды жасау» тақырыбындағы шеберлдік сағатына және «Шеберлер» тобының ұстазы Бану Оразалинаның «Жеке тұлғаның зерттеушілік қабілетін дамыту жолы» тақырыбындағы сәнді-қолданбалы өнер сабағына қатысты.
Уақытты ұтымды пайдалана отырып, аталмыш сабақтарға 3 топ болып бөлініп қатысқан мұғалімдер қауымы орталық шәкірттерімен бірге саз балшықтан қыш ыдыс жасап үйрену тәсілдерімен танысты.
Бейнелеу және кескіндеме өнерінің ғажабы мен құдіретін паш еткен кескіндеме сабағында жас қылқалам шеберлері ұстаздары Светлана Ивановнаның көмегімен біз компьютерлік бағдарламалар арқылы көріп жүрген тамаша табиғат пейзажын қылқаламның құдіретімен ақ парақтың бетіне айна-қатесіз бейнелеп берді.
Ал саусақтары майысып, қазақтың көне киіз басу дәстүрінің бір түрін меңгерген жас шебер қыздарымыз жүнмен жұмыс жасау арқылы көркем дүние жасап шығарудың 3 бірдей тәсілін көрсетті. Бұл сабақтың барысында да мұғалімдердің қызығушылығы артып, оқушылармен бірге киізден бұйым жасаудың қыр-сырымен танысты.
Әлбетте, дәл осы сабақтан кейін әр мұғалімнің көкейінде жаңа идеялар пайда болып, жаңа жоспарлар дүниеге келіп жатқанына күмәніміз жоқ.
Ашық сабақтардан соң акт залында өткен пленарлық бөлімде орталық ұстаздары баяндама оқыды.
«Оқушылардың коммуникативтік, шығармашылық, эстетикалық дамуы үшін көркем көрмелердің маңызы» тақырыбындағы баяндамасын оқыған орталық мұғалімі Светлана Ивановна өз баяндамасында оқушылардың жеке және топтық жұмыстарының көрмесін ұйымдастыру туралы мәліметтерімен бөлісіп, ұйымдастырған жұмыстарына шолу жасады.
«Көрмені дайындау кезінде жұмыстың ұжымдық нысандарын пайдалану мүмкіндіктері» тақырыбындағы баяндамасымен таныстырған Мейірбек Алпысбайұлы қыш өнерінің тарихымен, бүгінге жеткен жәдігерлерімен таныстырды.
Бану Депутатқызы «Үйірме жұмыстарында жүнмен жұмыс жасау арқылы оқушылардың шығармашылығын көрмелерде ұйымдастыру» тақырыбындағы баяндамасында көптеген ақпараттарымен бөлісті.
Семинардың соңында орталық басшысы Сайрамбек Жақыпов қатысушы ұстаздарға алғысын білдіріп, алдағы уақытта әріптестік байланысты нығайтуды ұсынды.
Шеберлік сабақтарын өткізіп, баяндама оқыған орталықтың ұстаздарына аудандық білім бөлімінің басшысы атынан арнайы сертификаттар табыс етілді.
Қаралым саны: 59












