XXI-ғасыр техниканың даму ғасыры болғандықтан, компьютерлер мен роботтардың адам өмірінде алатын орны өте зор.
Қазіргі өмірдің өзінен туындап отырған талаптарды орындау, жаңашылдыққа жаршы болу үзіліссіз тәрбие негізі. Білім беру саласында сабақтан тыс уақытта жүргізілетін әрбір үйірменің жеке тұлғаны қалыптастырудағы ролі ерекше. Оның ішінде, техникалық – шығармашылық үйірмелері өзге үйірмелерге ұқсамайтын өзіндік атқаратын қызметі мен тәлім – тәрбиелік мүмкіндігі зор үйірмелер.
21 сәуір күні облыс орталығы Петропавл қаласында «РобоSTART – 2023» робототехника бойынша жыл сайынғы облыстық олимпиада болып өтті.
Олимпиада оқушылардың ынтасы мен шығармашылық белсенділігін арттыруға және оларды инновациялық робототехникалық шығармашылыққа тартуға бағытталған.
Олимпиадаға облыс орталығы мектептерінен, облыстың Айыртау, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев және Шал ақын аудандарынан 11-16 жас аралығындағы 30 оқушы қатысты.
Олимпиадаға Айыртау ауданының қосымша білім беру орталығының робототехника үйірмесінің оқушысы Засоба Захар да (жетекшісі – Мереке Бекеев) қатысып, 30 оқушының ішінен IV орынға ие болды.
Олимпиада екі турда өтті. Теориялық тур тест тапсырмаларын орындауды қамтыды. Практикалық турда роботты жинап, оның көмегімен тапсырмаға сәйкес қажетті әрекеттерді орындай алатын бағдарламалар жасау қажет болды. Қатысушыларды робототехника саласындағы құзыретті қазылар алқасы бағалады.
Қазіргі таңда Захар қосымша білім беру орталығына робототехника сабағына екінші жыл қатысып жүр. «Бала күнімнен темірлерді жалғап, лампочкаларды бұрауға құштар болдым. Атама ілесіп болттарды бұрап, қызығушылығым одан сайын артты. Карантин кезінде үйде отырғанда анам маған қызығушылығм бойынша робототехника бойынша онлан курса жаздырды. Онлайн оқып, қатысты деген дипломым да бар. Кейін қосымша білім беру орталығында робототехника үйірмесі ашылып, мен бірден осында келдім» — дейді Захар.
Робототехниканың негізінде оқушылар математика, физика, информатика және басқа жаратылыстану-ғылыми бейіндік пәндеріне алған білімдері мен дағдыларын кіріктіре отырып, роботты техниканы, инженерлік дағдыларды қалыптастыруға және технологияларды оқып үйренуге мүмкіндігі жоғары.
Болашаққа жылжып келе жатқан жоғары технологиялар — ғарыш, денсаулық сақтау, өндіріс, қоғамдық қауіпсіздік, қорғаныста және көптеген салаларда пайдаланылады. Осыған байланысты, қосымша білім беру ұйымдарында Робототехника үйірмелері жүргізіледі. «Үйірмеде оқушылар әлемдік робототехниканың жетістіктері және даму бағыттары туралы біледі, Лего-роботтарын құрастырады, бағдарлама жасайды және деректер моделін құрастыруды ойлап табады.
Робототехниканы зерттеу оқушылардың болашақта ізденісін одан әрі дамытуына ықпал етеді. Оқушылар робот құрастыра отырып, өзінің автоматтандырылған құрылғыларын құрады, оларды қадағалайды және эксперимент жүргізеді, модельдің практикалық қолданылуын іздейді, ғылыми бағыттағы инженерлік мамандықтың іргетасын рухани байлықтарымен қалыптастырады. Оқушылар нақты мақсат қойып, оған жетуге үйренеді, өмірдегі проблемаларды шешу үшін сыни ойлайды және шығармашылық дағдыларын қолданады» — дейді робототехника үйірмесінің оқытушысы Мереке Темірбекұлы.
Барлық адамның жұмысын жеңілдетуге арналған роботтарды күнделікті өмірде қолдану уақыты жақындап келе жатқаны белгілі. Болашақта техникалық мамандықтарды таңдайтындардың саны қазіргіден де бірнеше есеге артуы әбден мүмкін. Нәтижесінде келешекте елімізден робототехника саласын жетік меңгерген ғалымдар шығып жатса, таңғалуға болмайды. Өйткені, бүгінде қазақстандық жеткіншектер біршама белесті бағындырып үлгерді. Ал, Захар Засобаға алар асуларың биік болсын демекпіз.
Қаралым саны: 76